Clock for website скачать часы для сайта
Поиск
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Благотворительный фонд НАП: РНН 60300534621 р/сч:955467798 АФ АО Банк туран Алем МФО 190501306
Календарь публикаций
  • 2012 (157)
  • 2011 (128)
  • 2010 (39)
  • 2009 (84)
  • Мнения, обращения - Ситуация

    Кәсіпкер мемсатуға үміт артпауы керек

    meruertСоңғы уақыттары Қазақстанда уақыт күттірмей шешетін әлеуметтік-экономикалық мәселелердің қатары күн санап көбейіп келеді. Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістіктің (БЭК) құрылуы да ел экономикасының дамымай қалған, мешеу тұстарын қолмен ұстағандай көрсетіп бергені ащыда болса шындық. Экономикалық мәселелерге байланысты туындаған сұрақтарымызды белгілі экономикалық сарапшы Меруерт Махмутоваға қойған едік.

    Картоп қайдан келеді?

    - Қазақстанда бірінші кезекте тұтынатын тауарларға деген бағаның өсуінің бірнеше себебі бар. Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жыл ішінде отандық өндіріс анау айтқандай дамыған жоқ. Қазір күнделікті тұтынатын тауарлардың басым бөлігін шетелден экспорттайтынымыз жасырын емес. Еліміз Кедендік одаққа мүше болғаннан кейін баж салығы өсіп, Қытайдан келетін арзан тауарлар күрт төмендеді. Отандық өндірісті дамытпайынша бұл мәселеден құтылмаймыз. Өндірістік өнімдерді былай қойып, картоп сынды ауылшаруашылық дақылдарын сырттан тасымалдауымыз ұят-ақ. Қазір елімізге Пәкістаннан картоп келіп жатыр. Апельсин, анарды тасымалдассақ түсінер едім. Ал картопты сырттан әкелуіміз Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысының мәз еместігін көрсететіні белгілі. Субцидияның көлемі жыл сайын артқанымен, одан шыққан нәтижені көріп отырған жоқпын. Әңгіменің ашығын айтсақ, ауыл еңбеккерлеріне бөлген қаржы оларға жетіп жатқан жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын  мемлекеттің ауылшаруашылығы саласына бөлген 3-4 пайыздық несиесін қолы ұзын шенеуніктер қарпып алып, екінші денгейлі банктердің депозитіне 9 пайызбен салып, ауадан ақша жасағанын естігенде жағамды ұстадым. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Өз басым бас пайдасын бірінші орынға қойған шенеуніктерден бәрін күтемін. Мұндай бармақ басты, көз қысты жағдайлар қазір де өршіп тұр. Бұдан кейін азық-түлік өнімдерінің бағасы шарықтап шыға келетіні белгілі. Қазір жергілікті билік орындары ауыл тұрғындарының қорасындағы азын-аулық малы мен игеріп отырған жерін есепке алып өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосып жүр. Статистикалық мәліметке қарасаңыз, қалаға қарағанда ауылда жұмыссыздық денгейінің төмен екенін байқайсыз.

    - Қалай ойлайсыз, экономиканың қалыптасқан қағидасы бойынша бес-алты қарасы мен бау-бақшасын баптап отырған ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтылғандардың қатарына жатқызуға бола ма?

    - Жоқ, халықтың мұндай топтарын жұмыспен қамтылғандардың қатарына жатқызу қате. Өйткені, қазір ауылда өз күнін, өзі көріп отырған халық зейнетақы қорларына жарна жинап, табыс салығын төлеп отырмағынын бәріміз білеміз. Сондықтан оларды еңбекпен қамтылғандардың қатарына жатқызуға болмайды. 2043 жылдан бастап халық зейнетақы қорларына жинаған қаржысын ала бастайды. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған миллиондаған адам сол кезде мемлекеттен зейнетақы талап ететіні сөзсіз. Үкімет келешекте мұндай жағдайдың орын алатынын білсе де, әрекетсіз отыр. Мемлекеттік қызметкерлер санатына жататын мұғалімдер мен дәрігерлердің зейнетақы қорларына жинап жатқан қаржылары да мардымсыз. Ал жинақталған қаржының инвестициялық табыстылығы жайында ешкім сөз қозғап жатқан жоқ. Бұл мәселе болашақта үлкен әлеуметтік дауға ұласуы мүмкін. Сондықтан мұны қазірден бастап шешкен жөн. Осыдан екі жыл бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігіне өз ұсынысымызды жолдадық. Олар біздің ұсынысымызды Парламентке шығарып талқылаудың орнына тартпаларына салып қойғаны өкінішті.

    Капитал қашуда

    DSC_5028- Жақында Кедендік одақтың ізін ала Біртұтас экономикалық кеңістік ресми түрде іске кірісті. Сіздің пайымдауыңызша, енді экономикалық мәселелер күрделене түсе ме?

    - Кедендік одаққа мүше болғанда еліміздегі тарифтер екі есе өсіп, Ресейдің деңгейіні жетті. Көршіміз өзінің ішкі өндірісін дамыту үшін кедендік төлемдерді әдейі жоғары етіп қойған. Айталық, олар көліктерін көптеп сату үшін сырттан келетін автокөліктерге кедендік баж салығын жоғары етіп қойғаны белгілі. Осылайша біз автоматты түрде Ресейдің өндірісін дамытуға қатысып отырмыз. Елімізде жанармай мен азық-түлік бағасының шырықтауы да Кедендік одаққа байланысты. Қазірдің өзінде  Ресейден капиталдың қашуы 90 млрд. долларға жетті. Мұны өткен жылдың аяғында Владимир Путиннің өзі мәлім еткені белгілі. Басты одақтасымызға айналған елдегі инвестициялық ахуалдың бұлайша күрделенуі бізге сөзсіз салқынын тигізетіні белгілі. Ресей Қазақстанның ғарыш, атом энергетикасын дамытуға ықпал ететінін сарапшылар айта бастады. Өз басым Ресейдің атом энергетикасы саласындағы технологиясы ең озық деп айта алмаймын. Жапониядағы жағдайдан кейін Ресей өзінің бұл бағыттағы жобаларын Қазақстанға тықпалай бастады. Керек десеңіз, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға анау айтқандай  қажеттілік жоқ. Еліміздегі дәстүрлі қуат көздерін дамытсақ, соның өзі тақиямыз тар келмес еді.

    - Үкімет дағдарыстын екінші толқыны таяп қалды деп дабыл қағуда. Өндірісі мешеу елге дағдарыс қаншалықты әсер ететінін сараптай кетсеңіз?

    - Бізге дағдарыс мұнай бағасы арқылы әсер ететіні белгілі. Дүниежүзінде қаржы дағдарысы орын алғанда біз оның салқынын қатты сезінбедік. Тек банк секторы қиыншылықпен бетпе-бет келгенде, яғни, 2007 жылдың тамызында дағдарыстың ызғары анық байқалғаны есімізде. Сол кезде Үкімет банктерді банкроттық жағдайға жеткізбеу  үшін Ұлттық қордан қаржы бөліп, олардың үлесін сатып алған еді. Осылайша мемлекеттің араласуымен еліміздегі ірі банктер капиталын қайта реконструкциялаудан өткізді. Жақында шетелдік басылымдарды оқығанымда, «БТА Банктың» шет елдегі инвесторлары қаржы институтының капиталын қайта реконструкциялауды талап еткен. Мұндай жағдайда халықтың Үкіметтен банктердің үлесін сатып алуға жұмсалған қаржы қайда кетті деп сауал қоюына толық құқы бар. Екі жылға созылған дағдарыс кезінде Ұлттық қордан 16,3 млрд. доллар жұмсалғаны белгілі. Бұл қаржы банкпен құрылыс компанияларының құрдымға кетпеуін қамтамасыз етті. Ал мол қаржыға ие болған құрылыс компаниялары халықтың баспаналы болуын тиісті денгейінде шешкен жоқ. Осылайша есепсіз бөлінген қаржы құмға сінген судай жоғалды. Дағдарыстың екінші толқыны болса жақындап қалды. Қазір ЕуроОдақтың жағдайы өзіңізге мәлім. Іргеміздегі Қытайдың экономикасы да қарқынды дамуын жоғалтуы мүмкін деген жорамалдар бар. Мұның бәрі мұнайдың бағасына әсер ететіні сөзсіз. Дағдарысқа жауап ретінде шұғыл түрде экономиканы әртараптандыруымыз керек.

    Қойдан қойшы
    көп болып тұр

    - Бүгінде билік шағын және орта бизнесті дамытуға мүдделі екенін айтумен келеді. Бұл бағытта көптеген бағдарламалар қабылдап, қыруар қаржы бөлінгенін де білеміз. Бірақ шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына жете алмауда. Осындай жайттарды назарға алған Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының биліктен шағын және орта бизнестің мәселесімен айналысатын агенттік құруды талап еткенін өзіңіз білесіз. Бұған алып қосарыңыз бар ма?

    - Таяуда, бір басқосуда осыған дейін Экономикалық даму және сауда министрлігін басқарған  Қайрат Келімбетовке осы маселеге қатысты сұрақ қоюдың сәті түсті. Қазір министрлікте шағын және орта бизнесті дамытуға жауапты департамент пен комитет бар. Қ.Келімбетов осы мәселені түсіндіріп беруін өтінгенімде тұщымды жауап қайтара алмадым. Үй ішінен үй тіккен бұл жайт менің қатты танданысымды туғызғанын жасырып қайтейін. Қазір қандайда бір ықпалды адамдардың таныстары қызметтен босаса, оған өз алдына жеке департамент, комитет құрып беретін жағымсыз жайт белең алып тұрғаны жасырын емес. Мұндайда ата-бабаларымыздың «қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөзі еске түседі екен. Қазіргі жағдайда бір агенттік құрып, шағын және орта бизнестің мәселесін шешуге болады дегенге өз басым сене алмаймын. Барлық мәселе мемлекеттік саясаттың дұрыс жүруіне байланысты. Мемлекеттік саясат дұрыс жүрсе, комитетпен де тау қопаруға болады.

    - Қазір мемлекеттің шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауын «Даму» қоры жүзеге асырып жатыр. Экономист маман ретінде қордың жұмысына баға бере кетсеңіз?

    - «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын қалай жүзеге асырып жатқанын білу үшін қордың сайтын ақтарып, іліп алатын дүние таба алмадым. Тағы бір байқағаным «Даму» қоры мен «Қазинвес» мекемесі бірлесіп шағын және орта бизнесті экспортқа өнім шығаруға бағыттаймыз деп алдарына таудай талап қойғанын көзім шалды. Өз басым мұны әлін білмеген әлектік деп бағаймын. Ішкі нарықты бірінші кезекте тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ете алмай отырғанымызда экспортты ауызға алудың жөні жоқ. «Даму» қоры ішкі нарыққа қажетті тауар өндіретін кәсіпорындарды құруға күш салуы тиіс. Экспортты содан кейін қарық қылса да жетеді. Ал әлемді «Қазақстанда жасалған» тауарлармен жаулауға бел буып, білек сыбана кіріскен «Қазинвесттің» мемлекет қаржысын оңды-солды шашқаннан басқа жұмысын байқай алмадым. Айтпақшы, олар Швецарияда кеңсе ашып, болашақта өндіретін тауарларымызды экспорттауға қазірден бастап кірісіп кеткенін түсіне алмадым. Олардың Ресей мен  Орта Азия елдерінен кеңсе ашса түсінер едім. Ал Еуропаға қол созуы тіпті түсініксіз.

    - Қаржы дағдарысынан кейін кәсіпкерлер өз кәсібін сақтап қалу үшін мемлекеттік сатып алуға көп үміт артқаны белгілі. Өкінішке орай, мемсатуды шырмаған тамыр-таныстық олардың жігерін құм еткендей болды. Сіздіңше, мемсатудағы мөлдірлікті қалыптастырудың қандай амалдары бар?

    - Қазір мемсату сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналған. Сондықтан жұмысын адал атқарып жүрген кәсіпкерлер мемсатуға үміттенбеуі керек. Көптеген кәсіпкерлермен ой бөліскенімде, олар қандайда бір тендерді жеңіп алу үшін шенеуніктерге белгілі мөлшерде пайызын беру керектігін жасырмай айтады. Таяуда еліміздегі жетекші телеарнаның бағдарламасына қатысқанымда, монтаж жасауға маманданған бір ірі компанияның (мекемені атын атамай-ақ қоялық /М.М.) өкілі тендерге қатысып оны ұта алмағандарын айтты. Мемлекеттік тапсырысты заңды мекен-жайы мен аты ғана бар Шымкеттен келген белгісіз бір компания жеңіп алыпты. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған ірі компания сотқа шағымданбақшы болғанда, тендерді ұтқан компания монтаждау саласында мол тәжірибе жинаған әріптестеріне байланысып, олардың өздеріне мердігер болу жайында ұсыныс жасаған.

    - «Даму» қорына бөлінген мемлекеттің қаржысын «Казпошта» арқылы тікелей кәсіпкерлерге жеткізуге бола ма. Әйтпесе, даму институттары мен банктер бизнеске бағытталған жеңілдетілген несиелерге пайыздық маржаларын аямай қосып, пайда табуды әдетке айналдырып алды.

    - Шағын кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрған халыққа арналған мемлекеттің жеңілдетілген несиелері даму институты, банк, шағын несие беру ұйымдары арасындағы тізбектен өтіп, оның жылдық пайыздық мөлшері 60 пайызға бірақ секіргені белгілі. Мұндай жоғарғы пайызбен несие алатын жұрттың бәрі әпенде емес қой. Осылайша халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған қаржы игерілмей қалғанына куә болдық. Іргеміздегі Өзбекстан дәл осындай жеңілдетілген несиені 6-7 пайызбен қарапайым халықтың қолына ұстатқан. Мұны біздің билік басындағы азаматтарға айтсаң, өзбектерге мұрындарын шүйіріп, дағдарыс кезінде банктерді құрдымға жібергендерін айтып кеуде кереді. Ұлттық банктің түзген статистикасына назар аударсаңыз, банктердің қаржылық қоржынының 25 пайызы тұрақты 75 пайызын үмітсіз несиелер құрап отырғанын байқайсыз. Ал соның ішінде ипотекалық несиелердің  жайы тіпті сорақы. Оның қайтуы мүмкін, тұрақты капиталы 12 пайыз болса, үмітсіздерінің көлемі 88 пайызға жеткен. Сондықтан алдағы уақытта Үкімет еліміздің қаржы саясатын қайта қарау қажет деп ойлаймын.

     
    Besucherzahler Russian women looking for a foreign man for love
    счетчик посещений