Clock for website скачать часы для сайта
Поиск
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Благотворительный фонд НАП: РНН 60300534621 р/сч:955467798 АФ АО Банк туран Алем МФО 190501306
Календарь публикаций
  • 2012 (157)
  • 2011 (128)
  • 2010 (39)
  • 2009 (84)
  • Мнения, обращения - Ситуация

    Қарқаралыдағы Қасымның тойы

    Жақында Арқа белі отты жыр һәм әуезді ән-күймен тербетілді. Қасым ақынның – жасын ақынның алты Алашқа сауын айтқан ғасырлық тойы дүбірлеп өтті туған жері – Қарағанды өңірінде. Салтанатқа қазақ әдебиетінің, руханиятының марғасқалары, кіл жақсы мен жайсаң тайлы-таяғы қалмай жиылды. Түбі бір Түркі елдері – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстаннан Қасым жырына қанық әдебиет және қоғам қайраткерлері жетті ат арылтып. Құрметті қонақтардың арасында - белгілі ақындар, жазушылар, журналистер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, Қасым Аманжоловтың жақындары мен туыстары болды.

    Торқалы тойдың алғашқы күні кеншілер астанасында ақын өлеңдеріне жазылған әндердің республикалық байқауының іріктеу кезеңімен басталған болатын. Бұл күні өнер жұлдыздары Арқа төсін әнге бөлесе, айтыскерлер Қасым атамыздың қазақ поэзиясына қосқан мол мұрасын айтысқа арқау етті. Сондай-ақ, «Сарыжайлау» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген Қасым туралы деректі фильм көрсетілді. Алғашқы күнгі шаралар Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» пьесасы бойынша облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры қойған спектакльдің қойылымымен аяқталды.

    Ақын тойының екінші күні – 9 қыркүйекте Қарағандыға ат басын тіреген жақсы мен жайсаңдар облыс әкімі Серік Ахметовтің қабылдауында болып, келелі кеңес құрды. Қадірлі қонақтар қатарында ақынның қыздары Дариға мен Жанна, сондай-ақ Парламент депутаттары, танымал қоғам қайраткерлері, белгілі ақындар мен ғалымдар болды. Салтанатты рәсімге бауырлас Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Өзбекстан, Иран елдерінен келген қадірменді қонақтар да қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы тек қана Қарағанды өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға болғанына тоқталды.

    – Алаштың ардақты ақыны Қасым Аманжоловтың шығармашылық жолы баршаңызға белгілі. Оны мен қайталап айтпай-ақ қояйын. Ең бастысы, сүйікті ақынымыздың жарқын бейнесі ел жүрегінде. Биылдың өзінде ақын шығармашылығына арналған төрт кітап жарық көрді. Осындай игі жаңалықтардың қатарында «Қасым» әдеби-мәдени журналының шығуын, ақын туралы деректі фильм мен бейнефильмнің түсірілуін айрықша атаған абзал. Кезінде Қарқаралы ауданындағы Фрунзе совхозына Қасым Аманжолов есімі берілген. Қарағанды қаласында ақынның есімімен көше аталған. Енді даңқты жерлесіміздің есімі Қарқаралы орталықтандырылған кітапханасына беріледі, – дей келе, облыс басшысы асылдың сынығы – Дариға мен Жаннаға Қарағандының жаңа үйлерінің бірінен екі бөлмелі пәтердің кілтін ұсынды.

    – Ақын ағамыздың «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды» деп басталатын жыр жолдарын бәріміз білеміз. Содан бері жетпіс жылдай уақыт өтіпті. Тәуелсіздік таңы атып, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Осындайда ең бірінші рухани діңгегімізді нығайтатын дүниелерге көңіл бөлгеніміз дұрыс болар,  – деді ол ақынның қыздарына сый-сияпат табыстап тұрып.

    Келелі кеңес үстіндегі ғибратты тілектерді бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, академик Кенжеғали Сағадиев және Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Делиомероглы, Халық ақыны Тұманбай Молдағалиев жалғастырды.

    Облыс әкімдігіндегі кездесуден кейін аймақ басшысының, қонақтардың және қала тұрғындарының қатысумен Сәкен мен Кривогуз көшелерінің қиылысындағы ақын есімін иеленген аллеяда еңселі Қасым ескерткіші ашылды. Поэзия алыбына қойылған еңселі ескерткіш алдында жұртшылыққа ақжарма лебізін жолдаған қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов осынау дүбірлі салтанат үстінде тағы бір қуанышты хабар жеткізді. Елорда әкімі, ұлттық әдебиетіміздің, мәдениетіміздің шынайы жанашыры Иманғали Тасмағамбетов қарағандылықтарға өзінің құттықтауын жолдап, Астананың көрнекті көшелерінің біріне Қасым Аманжолов есімі берілетінін айтқан көрінеді. Тұғырымен қосқандағы биіктігі 10 метрден асатын ақын ескерткіші облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында жасалған өзара ынтымақтастық меморандумы аясында тұрғызылды. Жобаның авторы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Жеңіс Молдабаев. Қоладан құйылған ескерткіш моделі Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің өндірістік комбинатында әзірленіпті.

    Ескерткіш ашылуынан соң, ақын тойына жиылған ақын-жазушылар мен ғалымдар Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да «Қасым Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» мерекелік ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Осы жерде «Қасым» әдеби журналының, сайтының және ақын шығармашылығына арналған кітаптардың таныстырылымы өтті. Кешкісін жыр сүйер қауым «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты республикалық жыр мүшайрасының, Қасым өлеңдеріне жазылған «Жыр жазамын жүрегімнен...» атты республикалық ән конкурсының қорытындысын тамашалады. Ал 10 қыркүйекте ақиық ақынның туған жері Қарқаралыда жалғасты. Тойға келген ақынның туған-туыстары, әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлері ең алдымен Құнанбай қажы мешітіне барып, мінәжат етті. Қазақ поэзиясының темірқазығы – дана Абай түскен тарихи үй, қазіргі өнер мектебімен танысты. Осыдан соң алыс-жақыннан келген жұртшылық Кент тауының баурайында тігілген ақшаңқан киіз үйлер ауылына бет түзеді. Бұл жақта да тойдың салтанатты бөлігін құттықтау сөзімен облыс әкімі Серік Ахметов ашты. Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед, сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткерлері, белгілі ақындар мен ғалымдар сөз алды. Олардың арасында Софы Сматаев, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай және басқалары болды.

    Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралы, Кент баурайындағы ақиық ақынның мерейлі мерейтойында халқымыздың ұлттық өнерлері: қазақ күресі, аламан бәйге, қыз қуу, шабандоздардың өнері және тағы басқа спорттық ойындар өтті. Дүбірлі той кешқұрым Қарқаралы қаласында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен Гала-концертке, соңы отшашуға ұласты. Ақын тойы аясындағы мүшайраның бас жүлдесін Алаштың ардақты ақыны Ұлықбек Есдәулет алса, әншілер байқауында қарағандылық дүлдүл әнші Сержан Мұсайынның алдына түсер жан болмады. Байқаулардың бас жүлдегерлеріне сыйлыққа автокөлік тарту етілді. 30 шақырымдық аламан бәйгеде қостанайлық Арман Есбергеновтің «Ажар» атты сәйгүлігі қара үзіп, мәреден жұлдыздай ағып өтті. Аламан бәйгеде аты озған азамат пен күрестің түйе балуаны атанған мықтыға да бір-бір автокөлік сыйға тартылды. Осы ретте айта кетуіміз керек, ақын мерейтойын өткізуге «Тасбұлақ» демалыс кешені де белсене қатысып, тойға келген меймандарға жоғары деңгейде қызымт көрсетті.

     
    Besucherzahler Russian women looking for a foreign man for love
    счетчик посещений